Малайзия Қазақстанға 28,2 млн доллар инвестиция салды

619

Малайзия Қазақстанға 28,2 млн доллар инвестиция салды

4 мамыр күні Куала-Лумпур қаласында (Малайзия) Бірлескен Қазақстан-Малайзия сауда-экономикалық комитетінің 3-отырысы өтті. Қазақстан делегациясын ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов бастап барды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Жиында сауда, көлік, туризм, ақпарат коммуникациялық технология және инновация, инвестиция, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы, ислам қаржыландыру саласындағы және басқа да мәселелер талқыланды.

Руслан Дәленов Комитеттің 3-отырысында сөз сөйлей келіп, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, сауда, туризмдегі малайзиялық тәжірибе Қазақстан үшін мейлінше қызығушылық тудыратынын айтты.

Сондай-ақ ол Қазақстанның "халал-өндірушілер" жаһандық тізбегіне қосылу перспективасы туралы әңгімелей келіп, Малайзияның әлемдегі ірі халал-индустрия хабтарының бірі ретіндегі ауқымды тәжірибесін тілге тиек етті.

Қазақстанда туристік қызметті мемлекеттік қолдаудың анағұрлым тиімді шаралары енгізілген, ол Қазақстандағы басым салалардың бірі ретінде белгіленіп отыр.

Сонымен бірге, бірнеше бағыттағы ынтымақтастық бойынша жұмыс тобы құрылып отыр: халал-индустрия, исламдық қаржыландыру, туризм, жаңғырмалы энергия, мұнай және газ, инвестициялық ынтымақтастық.

2016 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 82,9 млн АҚШ долларына жетті.

11 жылда (2005-тен 2016 жж.) Малайзияның Қазақстанға тартқан тікелей инвестициясы 28,2 млн АҚШ долларына жеткен. Ал Қазақстан Малайзияға 3,0 млн доллар инвестиция салған.

3-отырыс аясында 3 мамырда "New Business Opportunities in Kazakhstan" бизнес-форумы өткізілді, сондай-ақ Малайзияның ірі бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу