Малайзия полициясы Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ынның ағасы – Ким Чон Намды өлтірді деген күдіктіні ұстағанын мәлім етті, деп хабарлайды Би-би-си.
Осы елдің бас полиция инспекторы Халид Абу Бакардың мәлімдеуінше, күдіктіде Сити Айшаның атына берілген Индонезияның төлқұжаты болған, әрі ол сол сәтте жалғыз жүрген.
Оңтүстік Кореяның "Чосун" телеарнасы Ким Чон Нам улы инемен уланған деп хабарлады. Айтуынша, Куала-Лумпурдың әуежайында оған екі әйел шабуыл жасап, дереу із жасырған.
Сәрсенбі күні күдіктілердің біреуі ұсталды. Құжатына қарағанда ол 18 жасар Вьетнам азаматы. Бойжеткен Куала-Лумпурдағы бейнебақылау камераларының біріне түсіп қалса керек. Малайзия полициясы таратқан суретте LOL деген жазуы бар футболка киген әйел бейнеленген.