Малайзиялық әуекомпания Қазақстанға ұшатын рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр

600

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Asia Aviation Group компаниясы тобының коммерциялық директоры Карен Чан ханыммен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Малайзиялық әуекомпания Қазақстанға ұшатын рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр Фото: gov.kz

Аталған кездесуге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Air Asia Aviation Group компаниясы тобының кірістер мен бағыттар жөніндегі директоры Пол Кэррол мырза, Air Asia X авиакомпаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил мырза қатысты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы тұрақты жолаушылар тасымалы және жүк әуе қатынасы мәселелерін талқылады. Air Asia Aviation Group өкілдері авиакомпанияның бірінші кезеңде Куала-Лумпур (Air Asia X) мен Бангкоктан (Thai Air Asia X) Алматыға әрбір бағыт бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен және аптасына 3 рейс жиілікпен Астанаға ұшатын рейстерді іске қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Сондай-ақ Air Asia әуекомпаниясы Қазақстан аумағында "виртуалды хаб" құруды, сонымен бірге Стамбул (Түркия), Париж (Франция), Франкфурт (Германия), Лондон (Ұлыбритания) қалаларына "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесімен ұшуды жоспарлап отыр. Екі ел арасындағы рейстердің ашылуы сауда-экономикалық қатынастарды, туризм мен іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етпек.

Air Asia Азия құрылығындағы ең ірі бюджеттік авиакомпания болып табылады. Өз жұмысын 1996 жылы бастаған авиакомпания бүгінге дейін 600 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған.

Сонымен қатар компанияның әуе кемелері әлемнің 25 елінде 400-ден астам бағыт бойынша ұшады. Әуе кемелері паркінде 250-ден астам ұшақ бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу