Малайзиялық ғалым Құрылтай сайлауын Қазақстанның тарихи тамырына қайта оралу деп бағалады

855

Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстаннан тыс жерлерде де қызығушылық тудырып отыр.  

Малайзиялық ғалым Құрылтай сайлауын Қазақстанның тарихи тамырына қайта оралу деп бағалады Фото: islam-today.ru

Малайзиялық ғалым Осман бин Бакардың пікірінше, бұл – жай ғана сайлау науқаны емес, тамыры ғасырлар қойнауына кететін, қазақстандық қоғамға тән дәстүрлі саяси өкілдік үлгісіне қайта оралу, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы халықаралық ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың назарын аударып отыр. Сарапшыларды дауыс беру үдерісінің өзі ғана емес, оның жүзеге асырылатын институтының тарихи маңызы да қызықтырады. Малайзия халықаралық ислам университетінің ректоры, профессор Осман бин Бакар Құрылтайдың құрылуын көпғасырлық саяси дәстүрге негізделген аса маңызды оқиға деп бағалады.

"Қазақстан Республикасында тамыз айында Құрылтайдың құрылуына байланысты жалпыхалықтық сайлау өтетінін естіп қуанып отырмын. Бұл – аса маңызды институт. Әсіресе, оның тарихы ғасырлар қойнауына кететін дәстүрлі саяси жүйеге негізделгені мені қуантады. "Құрылтай" сөзінің өзі араб тіліндегі "Мәжіліс" және ағылшын тіліндегі "Assembly" ("жиналыс") сөздерінің баламасы болып табылады", – деді профессор Осман бин Бакар.

Ғалымның пікірінше, "Құрылтай" ұғымына қайта оралу қазіргі Қазақстан мемлекетінің көптеген халықтар мен мәдениеттерге тән шешімді ұжым болып қабылдау дәстүрімен сабақтастығын айқындайды. Оның айтуынша, мұндай өкілдік моделі қоғам мүшелерінің кеңінен қатысуына негізделгендіктен, неғұрлым прогрессивті жүйе ретінде қабылданады.

"Бұл – Қазақстан тарихындағы аса маңызды бетбұрыс. Қазақстан халқы өзінің дәстүрлі саяси жүйесіне қайта оралып жатыр. Бұл жүйе қоғам мүшелерінің өкілдігін қамтамасыз ету тұрғысынан анағұрлым прогрессивті әрі инклюзивті деп саналады", – деп атап өтті ол.

Профессор Осман бин Бакар мұндай тарихи институттарға қайта оралу өзге елдерде, соның ішінде саяси дәстүрлер сабақтастығына ерекше мән беретін Малайзияда да құрмет пен түсіністікке ие екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстандағы өзгерістерді мұқият бақылап отырғандар көп және олар алдағы маңызды оқиғаны қуанышпен қабылдап отыр.

"Сондықтан Қазақстан халқына алдағы сайлаудың сәтті өтуін және Құрылтай мүшелерінің сәтті сайлануын тілеймін. Бұл – Қазақстан тарихындағы шын мәнінде тарихи оқиға. Біз Малайзияда да сіздермен бірге осы қуанышты бөлісеміз", – деп түйіндеді профессор Осман бин Бакар.

Малайзиялық ғалымның бұл бағасы алдағы сайлаудың шетелде тек ішкі саяси оқиға ретінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тарихи өкілдік үлгісіне қайта оралуын білдіретін маңызды символдық қадам ретінде қабылданып отырғанын көрсетеді. Бұл қадам қазақстандық саяси жүйенің ашық әрі инклюзивті болуына ықпал етеді деген пікір қалыптасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу