Малды тірідей шығаруға тыйым салынды

1324

Былтыр 400 мыңнан астам мал экспортталған.

Малды тірідей шығаруға тыйым салынды

Өткен жылы Қазақстанда тірі мал экспорты артып, салдарынан ет қымбаттап кеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазан айында осы тенденцияға қарсы шара қабылдаған болатын. Бұған дейін тек аналық басты сыртқа шығаруға тыйым салынып келсе, жаңа заң бойынша малдың кез келген түрін тірідей экспорттауға шектеу қойылмақ. 

Ірі қараның көбін іргеміздегі Өзбекстан сатып алып отырған. Министрлік таратқан мәліметке сенсек, жыл бойы эскпортқа шығарылған 156 мың бас малдың 121,6 мыңы Өзбекстан асқан екен. Қалған 14%-ы еуразиялық одақтасымыз Арменияға кеткен.

Қойдың да басым бөлігі Өзбекстанға сатылған.

"Елден 264 мың бас қой шығарылған. Оның жартысынан астамы аналық бас. Басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астам қой(76%)  Өзбекстан мемлекетіне, 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзірбайжанға, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған", – делінген министрліктің мәліметінде.

Ауыл шаруашылығы  министрлігі мен Қаржы министрлігі бірге дайындаған құжаттың жобасы  салалық сараптама ұйымдары мен облыс әкімдіктерінің, "Атамекен" ҰКП-ның  мақұлдауынан өткен көрінеді. Сыртқы сауда саясаты мен халықаралық экономикалық ұйымдарға жауапты ведомствоаралық комиссия да оң бағасын берген.  Енді өзге де мүдделі мемлекеттік органдарымен келісім жасау ғана қалған.

"Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдерінің бағасын өсірді. Қазақстандық ет өңдеуші кәсіпорындар мен бордақылау алаңдарының жүктемесі төмендеді. 2019 жылы елдегі ет өңдеу кәсіпорындары толық қуатпен жұмыс істей алған жоқ. Өйткені сойысқа жарамды малдың көбі сыртқа сатылып, шикізат тапшылығы сезілді", – деп отыр министрліктегілер. 

Бұл өзгеріс таяу жылдары елдегі мал басын ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолжетімді әрі сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің экспортын арттыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу