Маңғыстау облысына екі күндік жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Қарақия, Түпқараған және Маңғыстау аудандарының мал өсірушілерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен және кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министірдің м. А. жергілікті деңгейде азықпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Фермерлермен кездесу барысында ол Маңғыстау облысындағы қатты құрғақшылықтан зардап шеккен аграршыларға көмек көрсету үшін Үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап жатқан жедел шаралар туралы хабарлады.
Ол жариялаған ақпарат бойынша, 2021 жылғы 12 шілдедегі № 482 қаулысымен ауыл шаруашылығы жануарларының қыстауы үшін азық құнын арзандатуға Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қолдауды үй және шаруа қожалықтарының иелері алады.
Азық-түлік корпорациясы арқылы Маңғыстау облысы үшін құны нарықтық бағадан 17%-ға төмен 637 тонна арпа сатылды. Оның ішінде 211 тоннасы үй шаруашылықтарына сатылды. Өңірге қосымша келесі апта ішінде 573 тонна арпа жеткізілетін болады.
Сондай-ақ орман шаруашылығы, резерваттар аумақтарында мал жаю және шөп шабу мәселесі пысықталды.
Елден азық шығаруға тыйым салу бойынша шаралар қабылданатын болады. Жемшөп дайындау үшін арзандатылған ЖЖМ көлемдерін қайта бөлу мәселесі де қосымша қарастырылуда.
"Азық-түлікпен қамтамасыз ету және жедел әрекет ету мәселелерін шешуді үйлестіру үшін, АШМ жанынан Республикалық жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыстар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, "Бәйтерек" холдингі мен Азық-түлік корпорациясының қаржыландырушы ұйымдарының басшылары кірді. Облыс әкімдіктері алдағы қыстауға арналған жем дайындау жоспарын айқындап, оларды орындау бойынша апта сайынғы мониторингтік жұмыстарды ұйымдастырды", – деп толықтырды Е.Қарашөкеев.
Сапар қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы облыс әкімі Серікбай Трұмовпен кездесіп, өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты, оның барысында өңірдегі шаруашылықты жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шешімдерді іске асыруды ұсынды.
Туындаған қолайсыз жағдайды шешу үшін ол облыс әкімдіктеріне мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларына сәйкес жемшөпті форвардтық сатып алу және жемшөп құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат қарастыруды, сондай-ақ ірі мұнай және құрылыс компанияларының техникасын Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан азық жеткізуге жұмылдыруды ұсынды.
Мал шаруашылығын қолдау үшін, өңірде фермерлердің кредиттер бойынша төлемдерін ұзарту мәселесі қаралатын болады.
"Әкімдікпен бірлесіп жем-шөп өндірісін дамыту және жайылымдарды жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Мұнда барлық иесіз жатқан құдықтар мен ұңғымаларды түгендеу, су бөгеттерін салу және ғалымдармен бірлесе отырып құрғақ дақылдарды өсіру қажет. Ең бастысы, сыни жағдайлар туындаған кезде уақтылы шешім қабылдау керек, өйткені бұл тәуекелдер болжанып отыр", – деп атап өтті Қарашөкеев.
Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы министрлігі әрдайым ашық екенін және өңірлердің ұсыныстарын Үкімет деңгейіне қарауға шығаруға дайын екенін айтты.