Бүгін ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірге отандық нарық үшін ветеринарлық мақсаттағы бұйымдарды дайындауға маманданған "Бірыңғай шоғырландырушы орталық" ЖШС және ZTOWN Development қазақстандық өндірістік нысандарын аралады. Қонақтарға құлақ сырғалары өндірісінің толық циклі көрсетілді, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін 15 883 452 дана сырға сатып алынып, жергілікті атқарушы органдарға беріліпті. Оның ішінде ІҚМ арналғаны – 3 166 416 дана; ҰММ –11 323 346 дана; түйеге – 42 546 дана; шошқағар – 1 351 144 дана. Сатып алынған құлақ сырғаларының бұл саны 2018 жылы 4 түлік төлін 100 пайыз сәйкестендіруге мүмкіндік берген.
Гүлмира Исаева нысандарды аралау кезінде бірдейлендіру құралдары мен бұйымдары ICAR жануарларды есепке алу жөніндегі халықаралық комитеттің сертификатын алуға тиіс екенін атап өтті.
Анықтай өтсек, ICAR-ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу және есепке алу нормалары мен стандарттарын құру және дамыту бағытында жұмыс істейтін халықаралық коммерциялық емес ұйым.