Бүлікшілер құрған "халықты құтқарудың ұлттық комитеті" 19 тамызда ел шекарасын жауып, коменданттық сағат жариялады. Бұл туралы полковник Исмаэль Ваге мәлім етті.
"19 тамыздан бастап барлық әуе және құрлықтық шекаралар жабылады", – деді ол.
Айтуынша, коменданттық сағат 21.00-ден бастап 05.00-ге дейін енгізіледі.
Сонымен қатар Ваге реформа өткізуді талап етіп жүрген барлық оппозиция өкілдерін келіссөздер жүргізуге үндеді.
Еске сала кетсек, 19 тамызда Мали президенті Ибрагим Бубакар Кейта бүлікшілер оны тұтқынға алғаннан кейін отставкаға кететінін, парламент пен үкіметті тарататынын жариялаған еді. Бүлік 18 тамызда Бамако қаласының маңындағы әскери базада басталды. Бүлікшілер ел президенті Ибрагим Бубакар Кейта мен премьер-министр Бубу Сиссені тұтқындаған болатын. Операцияны Дьяу мен Камара есімді полковниктер, генерал Шейк Фантамади Дембеле жүргізген.
БҰҰ-ның бас хатшысы бұл жайтты қатаң сынға алып, конституциялық тәртіпті тез арада қалпына келтіруге және мемлекет басшылығын босатуға үндеді.
Табиғат Нұрболат
Фото: aif.ru