"Мамам секілді болып кеткен": Күйеуімен ажырасса да енесімен араласатын келіншек көпшілікті сүйсінтті

1039

Енесімен 13 жыл бір шаңырақ астында тұрған.

"Мамам секілді болып кеткен": Күйеуімен ажырасса да енесімен араласатын келіншек көпшілікті сүйсінтті Фото: Бейнежазбадан

“Тату-тәтті” жобасының қатысушысы Сәбира Нақысбекова күйеуінен ажырасып кетсе де, енесі Жәния Нақысбековамен қарым-қатынасын үзген жоқ. Бұрынғы қайын енесін туған анасындай көрген келіннің сөзіне жұрт ризашылықтарын айтып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жәния және Сәбира Нақысбековалар бұрын ене мен келін болған. Келіннің айтуынша, тұрмыста болған 16 жылының 13 жылында енесімен бір шаңырақ астында өмір сүрген. Бұл туралы ол "1001 түн" телебағдарламасына берген сұхбатында айтып берді.

“Қазір енеммен бірге тұрмаймыз. Мен күйеуіммен ажырасқаныммен, енеммен ажырасқан жоқпын. Өйткені менің енем туған анам секілді болып кеткен. Мен туған анаммен 20 жылдай бірге тұрдым. Ол кісі маған тәрбие берді. Содан кейін тұрмысқа шығып, енеммен 13 жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Мен тұрмыста 16 жыл болдым, осы уақыт аралығында енем "мамам" секілді болып кеткен, сондықтан мен оны анам деп білемін. Біздің қарым-қатынасымыздың осылай нығайып, жақсы болғанына бірінші кезекті енемнің ақылы себеп деп ойлаймын. Себебі ол өте ерекше адам, саналы ене", – деді Сәбира Нақысбекова.

Ене мен келіннің ара-қатынасы көптің ыстық ықыласына бөленді. Желі қолданушылары жылы лебіздерін білдіріп жатыр.

“Қандай керемет кісілер! Менің де енем осындай болса екен", "Сіздерді қатты жақсы көремін", "Бәріміздің енеміз осындай болсын", "Сіздерге қарап тамсанамын", "Екеуіңіз де сондай сүйкімдісіздер, шын айтамын, мейірім шашып тұрсыздар", "Алтын ене", "Енесі жақсы кісі болып тұр ғой. Жарайсың үлкенді сыйласаң жаман болмайсың, ақылды келіншек екен. Ерден кетсең де, елден кетпейсің деген", – деп жазды олар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу