Маман тапшылығын баспанамен қамтамасыз ету арқылы шешпек

1436

Маман тапшылығын баспанамен қамтамасыз ету арқылы шешпек

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың жетекшілігімен өткен селекторлық мәжілісте мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде орын алатын кадр жетіспеушілігі мен оның реттеудің жолдары жан-жақты қаралды. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

"Білікті кадрды жұмысқа алу үшін оған, ең алдымен, баспана мәселесін шешіп беруіміз керек. Сондықтан, оңтүстіктегі әрбір ауылдық округтен 20 пәтерлі екі қабатты, ал аудан орталығынан 30-40 пәтерлі көпқабатты типтік үлгідегі тұрғын үй  салуды биылғы жылдан қалмай қолға алуды құрылыс басқармасына тапсырамын. Осы арқылы біз маман тапшылығын жойып, сапалы кадрларға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Мұнан бөлек, жұмыстың сапасын арттыру үшін білікті кадрларды ротациялау әдісі қолға алынады", -  деді әкім.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов өңірдегі 15 аудан, қала әкімдіктерінен және салалық басқармалардан 87 мамандық бойынша 14 374 орынға сұраныс келіп түскенін мәлімдеді.

"Шалғай жерлерде орналасқан мектептердегі маман тапшылығы әлі де өткір мәселелердің қатарында.  Мәселен, оқу жүктемесінің аздығы мен тұрғын үй мәселесінің шешілмеуіне байланысты педагогтар көбіне ауылдық жерлерге бармайды", -  деді басқарма басшысы.

Облыстың бас дәрігері Мұқан Егізбаев соңғы он жылда денсаулық сақтау басқармасы 1085 жас маманды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырғанын айтып, ауыл әкімшілігі тарапынан 293 дәрігердің тұрғын үймен қамтылғанын жеткізді. Бүгінде өңірдегі медициналық ұйымдарға қажетті 265 маманның 157-сі ауылдық жерлерде туындап отырған қажеттілік екендігін тиянақты талдаған басқарма басшысы ауылды жерлердегі  еңбек етіп жүрген 180 маманның баспанаға деген мұқтаждығын хабарлады. 

"Жансейіт Қансейітұлы, сіздің  бастамаңызбен ауылдық жерге жолданатын әр маманға енді бір реттік 1 млн  теңге төленеді. Егер ол  5 жыл ішінде қайтып кеткен жағдайда оны бюджетке қайтаратын болады. Мұндай тың жоба еліміз бойынша оңтүстікте алғаш жүзеге асып отыр", -  деді М.Егізбаев.

Мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы жауапты сала жетекшілеріне бірқатар нақтылы міндеттер жүктеп, жиында берілген тапсырмалар бойынша тыңғылықты жұмыс істеуді міндеттеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу