Мамандар 2026 жылы корпоративтік табыс салығын кім және қалай төлейтінін түсіндірді

123

Корпоративтік табыс салығы бұрынғыдай бюджет кірісінің негізгі көзінің бірі болып қалды.  

Мамандар 2026 жылы корпоративтік табыс салығын кім және қалай төлейтінін түсіндірді Фото: rsk.almaty.kz

Биыл Қазақстанда корпоративтік табыс салығына қатысты өзгерістер күшіне енді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Олар салық мөлшерлемелерін, төлеушілер шеңберін, шегерімдер мен жеңілдіктерді, сондай-ақ төлеу тәртібін қамтиды.

Салық кодексіндегі жаңашылдықтар туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Дәурен Қаймұхаметов баяндады.

Корпоративтік табыс салығын төлейтіндер – Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын немесе ҚР-дағы көздерден табыс алатын бейрезиденттер. Бұл ретте мемлекеттік мекемелер КТС төлеуден босатылған, орта білім беретін мемлекеттік мектептер салық төлеуші емес ұйым қатарынан шығарылды.

Негізгі жаңашылдықтың бірі – сараланған мөлшерлемелердің енгізілуі. Базалық мөлшерлеме 20% деңгейінде сақталғанымен, кейбір салада ол өзгертілді.

  • Банктік қызмет пен ойын бизнесіне 25% мөлшерлеме бойынша салық салынады.
  • Білім беру мен медицинаны қоса алғанда, әлеуметтік салаға мөлшерлеме биыл 5% болып белгіленіп, 2027 жылдан бастап 10%-ға дейін өседі.
  • Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 3%, ауыл шаруашылығы кооперативтері 6% төлейді.

Жаңа салық кодексінде КТС бөлімі қайта құрылды: кірістер мен шегерімдер қызмет түрлері бойынша жүйеленді, ал жиынтық жылдық табысқа енгізілмейтін кірістер жеке баптарға бөлінді.

Сондай-ақ цифрлық активтерден, майнингтен, цифрлық биржалардан алынатын пайда, көмірсутектермен операциялар, полигондардың жою қорлары қаражатын нысаналы емес пайдалану нәтижесіндегі табыс және қорлар құнының өсімінен түсетін табыс сияқты кірістердің жаңа түрлері бекітілді.

"Сонымен бірге шегерімге жатпайтын шығыстарға қойылатын талаптар қатаңдатылды. Жалған операциялар бойынша шығындар, сондай-ақ декларация негізіндегі оңайлатылған салық режимін қолданатын тұлғалардан сатып алынған тауарлар мен қызметтерге жұмсалған шығыстар есепке алынбайды", – деп атап өтті Дәурен Қаймұхаметов.

Салық салынатын табысты азайту тәртібі де өзгерді. Атап айтқанда, лизингтік сыйақылар бойынша азайту көлемі қысқартылды, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістер алынып тасталды, бірақ борыштық құралдар құнының өсімінен алынатын табыс қосылды.

Ғылым саласындағы бизнеске берілетін ынталандыру айтарлықтай күшейіп, ҒЗТКЖ-ға (НИОКР) жұмсалған шығыстар бойынша шегерім 50%-дан 200%-ға дейін ұлғайтылды. Алғаш рет қызмет түрлері бойынша залалдар егжей-тегжейлі регламенттеліп, оларды көшіру мен өтеу тәртібі белгіленді. Сонымен қатар КТС бойынша бірқатар салықтық жеңілдіктер жойылды, оның ішінде банктерге, ұлттық компанияларға арналған жекелеген преференциялар және қайта ұйымдастыру кезіндегі инвестициялық жеңілдіктер бар.

Дегенмен арнаулы экономикалық аймақтар үшін, Astana Hub қатысушыларына, инвестициялық жобаларға, теңіз тасымалдаушылар мен ұлттық фильмдердің құқық иелеріне арналған негізгі жеңілдіктер сақталды.

"Мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін ұйымдарға ерекше назар аударылды. Олар үшін қызметкерлер саны, кірістер құрылымы мен еңбекақы қоры бойынша критерийлер қатаң сақталған жағдайда салық жеңілдігі қалдырылды. Мүгедектігі бар қызметкерлердің санына байланысты мұндай ұйымдар КТС-ті 50%-ға азайтуға немесе салықтан толық босатылуға құқылы", – деді Дәурен Қаймұхаметов.

Сондай-ақ КТС бойынша аванстық төлемдерді төлеу тәртібі өзгертілді. Оларды төлеу шегі 600 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды, декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдерді есептеу нысаны алынып тасталды, ал бірінші тоқсан үшін есептеуді енді мемлекеттік кірістер органдары жүргізеді.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпкерлік субъектілерінің барлығы КТС-ті тек республикалық бюджетке төлейді, бұл бюджеттік сыныптама кодтарының өзгеруіне әкелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу