Мамандар D дәруменін мөлшерден артық қабылдау қауіпті екенін ескертті

1810

Биологиялық белсенді қоспаларда D дәрумені орамада көрсетілген мөлшерден әлдеқайда көп болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мамандар D дәруменін мөлшерден артық қабылдау қауіпті екенін ескертті

2022 жылдың басынан бері ОЛИМП зертханасында 53 922 адам қандағы D дәруменін анықтауға арналған талдау тапсырған. Олардың 78%-ы – ересектер, 22%-ы – балалар.

"D дәруменінің жетіспеушілігі ересектердің 66%-ында (27 685 адам) және балалардың 38%-ында (4 500 адам) анықталды. Тапшылықтың орнын толтыру үшін дәруменді емдік мөлшерде ішу керек. Көрсеткіш тиісті деңгейге жеткен соң, дәруменді профилактикалық мөлшерге дейін азайтып әрі қарай ішіп отыру қажет", – деп хабарлады "КДЛ ОЛИМП" ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов. 

Зертхана басшысы D дәруменінің тапшылығымен қатар оның шамадан тыс жағдайлары анықталғанын хабарлады.  

Оған себеп Ғаламтордағы кеңестерге сүйеніп, D дәруменін ұзақ уақыт жоғары мөлшерде қабылдау және құрамында D дәрумені бар әртүрлі биологиялық белсенді қоспаларды көп қолдану болуы мүмкін.

"Қаралған ересектердің 0,3%-ында (131 адам) және балалардың 1%-ында (128 адам) D дәруменінің шамадан тыс мөлшері анықталды. D дәрумені жоғары деңгейде анықталған балалардың жартысы – бір жасқа дейінгі сәбилер. Бұл қауіпті үрдіс, сондықтан ол туралы халықты хабардар ету қажет", – деп атап өтті Ерлан Сүлейменов.

Зертхана D дәруменінің тапшылығы да, шамадан тыс болуы да зиян екенін ескертті.

D дәрумені ағзада маңызды міндет атқарады. Ол қандағы фосфор мен кальций мөлшерін реттейді, ал бұл сүйектерді қалыпты жағдайда сақтау үшін өте маңызды. Сондай-ақ D дәрумені жасушалардың өсу мен даму үдерісіне қатысады және иммундық жүйені күшейту әсеріне ие.

D дәрумені шамадан тыс болғанда қандағы кальций тым көбейіп кетеді де, кальций қан тамырларында, ішкі мүшелерде жиналады, бүйректе тас пайда болады.

D дәрумені мөлшерінің тым артуы қан қысымының көтерілуіне, жүрек айнуына, құсуға, сана шатасуына және басқа бұзылыстарға әкеп соғады.

"Емделу үшін D дәруменінің дәріханаларда сатылатын дәрілік түрлерін қолданған дұрыс. Себебі олардың құрамы биологиялық белсенді қоспалармен салыстырғанда қатаң бақыланады, әрекет етуші заттың мөлшері дұрыс көрсетіледі. Биологиялық белсенді қоспаларда D дәрумені орамада көрсетілген мөлшерден әлдеқайда көп болуы мүмкін, оларды тұтыну дәруменді шамадан тыс қабылдауға әкеп соқтыруы ықтимал", – деп ескертті Ерлан Сүлейменов. 

D дәруменінің тапшылығы қазақстандықтарда жиі кездеседі. Себебі біздің ауарайы жағдайында бұл дәрумен ағзада жеткіліксіз мөлшерде түзіледі. Аталмыш дәрумен астан да жеткіліксіз деңгейде келеді, сондықтан бұл дәруменді профилактикалық мөлшерде қосымша ішіп отыру қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу