Ақмола облысы Астрахан ауданы Есіл өзенінде мамандар аэрация жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері балық шаруашылығы су айдындарында мониторинг жүргізу барысында Есіл өзенінде оттегі тапшы екенін анықтаған. Мамандар балықтардың жаппай қырылуын тоқтату және оны болдырмау мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізген.
"Астрахан ауданы Новочеркасское ауылы маңындағы Есіл өзенінде 85 келіге жуық өлген балық жиналды. Бүгінде АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, сынама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалған балық санитарлық нормаларды сақтай отырып жойылды", – деп жазылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан хабарламада.
Мамандардың болжамынша, балықтар өзенде оттегінің жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін.
"Бүгінде Есіл өзенінде аэрациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда 2 мотопомпа орнатылған. Бұл мұз астындағы суды оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп жазылған хабарламада.
Су айдынындағы жағдай бақылауда.
Дәурен Ерболат