Кофехана мен қонақ үйлер, қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi желісіне қосылу қауіпті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Информбюро-ға сілтеме жасап.
Сарапшылар гаджетке антивирустық бағдарлама орнатып, қорғалмаған желілер арқылы қаржылық транзакцияларды жасамауға шақырады.
IT саласының мамандары кибершабуылшылар алдын ала тегін Wi-Fi-ды бұзып, дайын отыратынын жеткізді. Қаскөйлер кофехана, мейрамхана, қонақ үй клиенттері интернетке қосылғанда, барлық деректі қолдарына түсіретін мүмкіндікке ие.
Сондықтан жеке ақпаратыңыз жария болып, есепшотыңыздағы қаражатқа қол сұғу қаупі басым дейді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының сарашылары.
“Митм-шабуыл дейміз. Және домен ауыстыруы болуы мүмкін. Сол себепті тегін Wi-Fi-ларды қауіпсіз деп айтуға болмайды. Интернет банкинг, әлеуметтік желі қолданбаған дұрыс. Қандай да бір сезімтал деректерді жібермеу керек. Тек қана хабарлама жіберіп, Wi-Fi қолжетімділігінен шығу керек”, – деді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының жобалық дирекция жетекшісі Ернат Атанбаев.
Бұдан бөлек хакерлер зиянды бағдарламаны жалпыға ортақ Wi-Fi арқылы пайдаланушының гаджетіне енгізе алады. Бұл бағдарламалар тегін желіден ажыратылғаннан кейін де, пайдаланушының жеке деректерін тасымалдағаннан кейін де жұмыс істей береді.
Егер құрылғыңыздың жұмыс істеуі баяулап, өздігінен қосылып-өшсе немесе қызып кетсе, демек телефоныңызға вирус кірді деген сөз. Жарнамалар жиі пайда болып, мегабайтыңыз әдеттегіден тезірек азайса, алаяқтардың шырмауына түскеніңізді білдіреді.