Павлодарлық еркін күрес шебері Мамед Ибрагимов тамызда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Спорт мамандарының хабарлауынша, әлем чемпионаты тамыз айының 21-26-сы аралығында Парижде өтеді. Қазіргі күні Қазақстанның атынан шығатын құрама команда жасақталуда.
Павлодардың палуаны Мамед Ибрагимов боз кілемде 97 келі салмақ дәрежесінде белдеседі.
Естеріңізде болса, ол өткен жылы біздің елдің атынан Бразилияда өткен Рио-де-Жанейро олимпиадасына қатысқан болатын. Олипиада ойындарында жерлесіміз ширек финалға дейін жетіп, Грузиялық палуанға жол берген еді. Тамызда өтетін байрақты бәсекеде Мамедтен бөлек Нұрислам Санаев (57 кг), Дәулет Ниязбеков (61 кг), Мейіржан Әшіров (65 кг) Ақжүрек Таңатаров (70 кг), Ғалымжан Өсербаев (74 кг), Азамат Дәулетбек (86 кг), Ермұхамбет Іңкәр (125 кг) бақтарын сынайтын болады.