Мамин мектеп қауіпсіздігін қадағалау жөнінде бірқатар тапсырма берді

690

Премьер-министр Асқар Мамин білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты органдарға бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мамин мектеп қауіпсіздігін қадағалау жөнінде бірқатар тапсырма берді

"Білім беру нысандарында қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесі – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Мектептерде тексеру жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анықталды. Оқу орындарын кәсіби күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, "дабыл түймелері" мен камералар орнату жұмысының ұйымдастырылу деңгейі жеткіліксіз. Кәсіпқой күзетпен қамтамасыз етілген мектептердің ең көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында.  Шығыс Қазақстан облысында мектептерде орнатылған камералар талаптарға толық сәйкес келеді", - деді Премьер-министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша жалпы, оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажет. Сонымен қатар, өңірлерде балаларға қатысты және балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасын саларалық үйлестіруді күшейту талап етіледі. Осыған орай Асқар Мамин бірқатар тапсырма берді.

"Біріншіден, өңірлердің әкімдіктері жаңа оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын қауіпсіздіктің материалдық-техникалық құралдарымен қамтамасыз етсін. Бұл ішкі істер органдарының жедел ден қою орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерін жаңартуға, кәсіби күзетпен, турникеттермен және "дабыл түймелерімен" қамтамасыз етуге қатысты. Екіншіден, Білім және ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге биылғы 10 шілдеге дейін Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітсін. Үшіншіден, Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері биылғы 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық нысандарының терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітсін. Төртіншіден, дәл осы ведомстволар Төтенше жағдайлар министрліктері мен өңірлердің әкімдіктері биылғы шілденің соңына дейін төтенше жағдайлар туындаған кездегі персонал мен оқушылардың іс-қимыл алгоритмін бекітсін", –деді ол.

Үкімет басшысы сонымен қатар оқу орындарында үнемі терроризмге қарсы оқу-жаттығу  өткізіп тұру керектігін айтты. Одан бөлек өңірлердің әкімдіктері қиын  балалармен жүргізілетін жұмыс бойынша мектеп психологтары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды үйлестіруге міндеттелді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу