Мамин РФ Үкіметінің төрағасы Мишустинмен келіссөз жүргізді

553

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды primeminister.kz.  

Мамин РФ Үкіметінің төрағасы Мишустинмен келіссөз жүргізді

Үкімет басшылары сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауылшаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация аясындағы жобаларды талқылады.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.

А. Мамин екі елдің ұлттық экономикаларының белсенді қалпына келуі аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастық дамуының жоғары қарқынын атап өтті.

Осы жылдың 8 айында елдер арасындағы тауар айналымы $14,7 млрд дейін 27%-ға өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша тараптар бұл көрсеткішті $20 млрд дейін жеткізуге ниетті.

2021 жылдың бірінші жартысында РФ-ның ҚР экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17%-ға артып, $704,9 млн құрады. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1%-ын құрайды.

Өнеркәсіптік кооперация саласында $1,7 млрд сомасына 8 бірлескен ірі жоба іске асырылып жатыр. РФ Үкіметінің Үйлестіру орталығында А. Мамин мен М. Мишустин көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін және аймақтық көліктік өзара байланысын нығайту, оның ішінде "Батыс Еуропа-Батыс Қытай", "Солтүстік-Оңтүстік" дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа да бағыттар шеңберінде нығайту мәселелерін талқылады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің, РФ көлік министрі Виталий Савельевтің, "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың және "РТЖ" ААҚ бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровтың баяндамалары тыңдалды.

Биылғы жылдың 9 айында Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттарына 599,5 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 37%-ға артық. "Қытай-Еуропа-Қытай" бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 493,5 мың ЖФЭ (+38%) құрады.

Келіссөзге ҚР-ның РФ-дағы елшісі Ермек Көшербаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және т.б. қатысты.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу