МӘМС аясында Алматының денсаулық сақтау саласына 214,6 млрд теңге бөлінді

878

Биыл жоғары технологиялық оталарды қаржыландыруға 12,9 млрд теңге қарастырылған. 

МӘМС аясында Алматының денсаулық сақтау саласына 214,6 млрд теңге бөлінді

Елімізде екінші жыл медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс жасауда. Оның басталуы пандемия кезеңімен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан МӘМС медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды жұмыс істейтінін көрсетті деп есептейді Алматы қаласының әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Тілеухан Әбілдаев. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ол жаңа жүйенің жетістіктері туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, МӘМС енгізілгеннен кейін Алматы қаласының денсаулық сақтау саласының бюджеті едәуір өскен.

"2021 жылға нақтыланған бюджет 214,6 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы бюджеттен 3%-ға өсті, оның ішінде ТМККК шеңберінде 127,1 млрд теңге, МӘМС пакетінде 87,5 млрд теңге",  – деп хабарлады спикер.

Спикердің айтуынша биыл өткен жылмен салыстырғанда жоғары технологиялық оталарды қаржыландыру артқан. Егер 2020 жылы оларға 11,8 млрд теңге бөлінсе, биыл 12,9 млрд теңге қарастырылған.

 Сонымен қатар спикер міндетті медициналық сақтандырудың арқасында ЭКҰ сияқты қымбат қызметтер қолжетімді бола бастағанын атап өтті.

"Мысалы 2020 жылы 563 млн теңге сомасында 643 ЭКҰ манипуляциясы жүргізілсе, биыл 1238 қызметке 1,1 млрд теңге бөлінді. Өсім 2 есе байқалады. Осы жылдың 4 айында сомасы 434 млн теңгеге 459 отбасыға балалы болу мүмкіндігі жасалды", – деп хабарлады медициналық сақтандыру қорының басшысы.

Сондай-ақ, өткен жылы 184 кардиохирургиялық ота жасалды, биыл 631 млн теңгеге 270 қызмет көрсету жоспарланған.

Қор осы жылдың 4 айында Алматы қаласы бойынша МӘМС пакетінде медициналық көмекке ақы төлеуге шамамен 42,6 млрд теңге жұмсады.

Ал халыққа жоғары технологиялық қызмет көрсеткені үшін 6,3 млрд теңгеден астам қаражат төледі, тағы 2 млрд теңгені күндізгі стационар қызметтерін төлеуге бағыттады.

"МӘМС жүйесі аясында жоспарлы скринингтерге 400 млн теңге, оңалту көмегіне 3 млрд теңге бөлінді. Оңалту қызметтеріне 7,7 млрд теңге бөлінді. Бұл медициналық сақтандыру бастамаларының бірі – халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру. 
Жыл сайын оңалтуды ұсынушылар саны артып келеді. Мысалы, егер 2019 жылы қалада оңалту қызметтерін тек 4 емхана көрсеткен болса, қазір олардың саны 73-ке жетті. Биыл 5 жаңа мекеме қормен келісімшартқа отырды", – деп хабарлады спикер.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу