МӘМС: Елордада "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша тұңғыш сәби дүниеге келді

632

"Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша ЭКҰ жүргізуге квота алған елорда тұрғыны Медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушілерінің бірі – №2 көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік блогында салмағы 3 550 г және бойы 58 см дені сау баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі.  

МӘМС: Елордада "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша тұңғыш сәби дүниеге келді

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында бекітілген "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласына 487 квота бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 есе көп. Осының арқасында ұзақ уақыт некеде тұрып, бала аңсап жүрген көптеген елордалық МӘМС аясында ЭКҰ бағдарламасынан өту мүмкіндігіне ие болды.

"Аңсаған сәби" бағдарламасы туралы естігенде күйеуім екеуміз бағымызды сынап, қатысу туралы шешім қабылдадық. Алдымен өз емханамызға барып, қажетті құжаттарды тапсырдық. Бала – өмірдің мәні. Өкінішке қарай, ұзақ уақыттан бері бала сүйе алмай жүрдік", – дейді бақытты ана.

Пациент емханадан №2 көпбейінді қалалық аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесіне жіберіледі. Тексеруден кейін, жүргізілген консервативтік терапияның әсерінің жоқтығын ескере отырып, ерлі-зайыптылар дәрігерлік консилиумның шешімі бойынша МӘМС аясында ЭКҰ рәсімін жүргізу үшін кезекке қосылды.

"Желтоқсан айында, Денсаулық сақтау басқармасы жұмыс комиссиясының мақұлдауын алып, №272 бұйрықтың критерийлеріне сәйкестігін ескеріп, МӘМС шеңберінде ЭКҰ өту үшін квота алды. Пациент ЭКҰ жасау үшін Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтын таңдап, 12 аптаға дейін дер кезінде есепке тұрды, ары қарай ауруханамыздағы дәрігерлердің барлық ұсынымын дұрыс орындады, ұстанды", – дейді акушер-гинеколог Алуа Мансұрова.

Барлық прегравидарлық кезең және ЭКҰ рәсімі алдындағы дайындық, жүктілікті бақылау және босану Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді ауруханада өтті.

Бүгінде Әмірхан атты сәбидің анасы "Аңсаған сәби" бағдарламасы ата-ана бақытын сыйлағанын айрықша атап өтті.

"Бұл бағдарлама біз секілді балалы болғысы келетін ерлі-зайыптылар үшін үлкен мүмкіндік. Бұрын біз ақылы негізде ЭКҰ жасадық, бірақ бәрі сәтсіз аяқталған. Бұл жолы да үмітіміз орындалмайды деп қатты алаңдап едік, бақытымызға қарай ата-ана атанып отырмыз. Жүктілікке дейін және жүктілік кезінде басы-қасымызда болған дәрігерлерге алғысым шексіз. Аурухананың барлық медицина қызметкерлеріне рахмет айтқым келеді. Біз бақыттымыз!", – деп қуанышымен бөлісті жас ана.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу