МӘМС есебінен алматылықтардың емделуіне 117,3 млрд теңге жұмсалған

355

Алматыда былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 117,3 млрд теңге жұмсалды.  

МӘМС есебінен алматылықтардың емделуіне 117,3 млрд теңге жұмсалған Фото: kazgazeta.kz

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия және тағы да басқа профильдер бойынша жүздеген операция жасалып жатыр. Осындай күрделі бір отаның құны орта есеппен бірнеше миллион теңгеге жетеді екен.

"Мысалы, 2022 жылы Алматы қаласында 1539 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 7,1 млрд теңге төленген. Сонымен қатар, 2,7 млрд теңгеге 534 нейрохирургиялық ота жасалған. Тағы 2,2 млрд теңгені МСҚ лор-профилі бойынша жасалған 330 операцияға жұмсады", - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Бүгінде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артып отыр. 2022 жылы алматылық травматологтар 4 270-тен астам операция жасаған. Оған қордан 5,6 млрд теңге жұмсалған. Бұдан өзге құны 476 млн теңгеден асатын 64 трансплантация жасалған, оның ішінде 27 бүйрек-бауыр алмастыру операциясы да бар.

"Бір қарағанда, мұның бәрі жай ғана цифр болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, сақтандырылған азаматтардың қалтасынан шығатын шығын едәуір қысқарып, олар осынша қызметті тегін пайдаланып отыр", - деп қорытты Тілеухан Әбілдаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу