МӘМС жарнасы: кім қанша төлейді?

1477

Жаңа жылда сақтандыру жарнасының көлемі өзгерді ме? Жарнаны қалай төлеуге болады? Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы осы мәселе төңірегінде бірқатар сауалға жауап берді.

МӘМС жарнасы: кім қанша төлейді?

Жарнаның қомақты бөлігін жеңілдігі бар 15 санат үшін мемлекет төлейді. Бұл тізімде балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылары, "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағылар, мүгедектер мен балалық шақтан мүгедек азаматтардың күтушілері, студенттер т.б. бар. Сақтандыру жарнасын төлеу міндетінен босатылғандардың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады.

Одан кейінгі санат қарамағындағы қызметкерлерін сақтандыруға міндеттелген – жұмыс берушілер. Жарнаны 2017 жылдың шілдесінен бері төлеп келе жатқан бұл санат биылдан бастап жалақының 2% көлемінде жарна аударады. Жарна жұмысшының жалақысынан емес, еңбекақы қорынан аударылуы тиіс. Ал, жұмыскердің жалақысынан биылдан бастап 2% жарна ұсталады.

Жеке кәсіпкерлер өзі үшін жарна төлеуді бұрынғыша жалғастыра береді. Олар төлейтін төлемде өзгеріс жоқ – 1,4 ең төменгі жалақының 5%. Биыл ЕТЖ өзгерген жоқ, ай сайынғы төлем – 2975 теңге.

Өз қызметін тіркемей, басқа жеке және заңды тұлғаларға әр түрлі қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататын аталған жеке тұлғалар сақтандыру жүйесіне екі түрлі жолмен қосыла алады: ЕТЖ 5% яғни, 2125 теңге төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына қосылуға болады. Немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуші ретінде тіркелуге болады. 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап АЕК 2917 теңге болып белгіленді. Жиынтық төлемді қала тұрғындары 1 АЕК көлемінде, ауыл тұрғындары 0,5 АЕК көлемінде (1458 теңге) төлейді. Бұл төлемнің өзіндік артықшылықтары бар. Жарнаның 40% – Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жиынтық зейнетақы қорына, 20% – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылса, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады. БЖТ арқылы азамат барлық салықты төлейді әрі болашақта базалық зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді ала алады.

Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар төлейтін жарна көлемі биыл табыстың 2% құрайды. Бірақ төленетін соманың шегі 8500 теңгеден (яғни, 10 ЕТЖ 2%) аспауы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы сақтандырылмаған азаматтар алдыңғы 12 айдың қарызын өтеуге тиіс. Толық мәліметті қордың 1406 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу