МӘМС жүйесінде 4 млрд теңгенің төлемі негізсіз төленбегені анықталды

250

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.  

МӘМС жүйесінде 4 млрд теңгенің төлемі негізсіз төленбегені анықталды Фото: baq.kz

Антифрод жүйесі негізсіз шығындарды ақша аударылмай тұрып анықтаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2026 жылдың қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына өтті. Ақпан айында қаржылық тәртіпті, ашықтықты және жүйе қаражатын басқару тиімділігін арттыруға бағытталған МӘМС реформасы жүзеге асырыла бастады. Негізгі өзгерістердің бірі – төленіп қойған қаражатты бақылаудан негізсіз төлемдердің алдын алуға көшу. Енді жүйе медициналық ұйымдарға ақша аударылмай тұрып-ақ негізсіз шығындарды анықтауға мүмкіндік береді.

2026 жылдың алғашқы алты айында антифрод жүйесі 4 млрд теңгеден астам сомаға сәйкессіздіктерді анықтады. Алдын ала бақылаудың арқасында бұл қаражат төленген жоқ.

Реформаның тағы бір бағыты – медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу, бақылау және төлеу үдерістерін Qalqan платформасында бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру.

"Қазір 207 клиниканың базасында пилоттық сынақ жүріп жатыр. Платформа арқылы медициналық көмектің 92 түрінің 20-сы бойынша төлем жасалып жатыр, тағы 60 түрі бойынша тестілеу жүргізілуде. Жыл соңына дейін мәлімделген барлық қызмет түрін толық іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар Qalqan тек қаржылық бақылау құралы емес. Платформа медициналық ұйымдарға қаржылық жағдайын басқаруға, оның ішінде қордаланған кредиторлық берешекті азайтуға, сондай-ақ дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуге көмектесуге бағытталған", – делінген хабарламада.

Сонымен бірге қор жұмысын бағалау тәсілі де өзгеріп жатыр. Енді медициналық қызметтердің көлемі мен құнын ғана бақылаудан оларды қаржыландыру тиімділігі мен пациент үшін түпкілікті нәтижені бағалауға көшу көзделген.

Реформаның тағы бір бағыты пациенттердің өз тарапынан бақылауды күшейтуге байланысты. Қазір медициналық ұйымға барғанын eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы растауға болады. Алдағы уақытта осындай сервисті екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына да енгізу жоспарланып отыр.

Келесі кезеңде пациенттің электрондық қаржылық паспорты іске қосылады. Онда адамға көрсетілген медициналық көмек және оған төленген қаражат туралы ақпарат көрсетіледі.

Қаржылық тәртіпті нығайтуға, жүйенің ашықтығы мен басқарылуын арттыруға бағытталған МӘМС реформасының бірінші кезеңі аяқталды. 2026 жылдың екінші жартысында ӘМСҚ енгізілген тетіктерді кеңінен қолдануға көшуді жоспарлап отыр.

Қор реформаның тиімділігін көрсететін негізгі өлшемдер ретінде пациенттер үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен нәтижелілігін, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін түсінікті ережелер мен қаржыландырудың неғұрлым әділ моделін атап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу