Мамыр айында олимпиадалық спорт түрлерінен Азия чемпионаты өз жалғасын табады. Сәуірде бокс, ауыр атлетика, күрес түрлері мен велоспорттан құрлық додасының куәгері атансақ, мамырда сары құрлық жарысы жағажай волейболынан басталмақ, деп хабарлайды Olympic.kz.
6-13 мамыр күндері Қытайдың Мао-Мин қаласында жағажай волейболынан Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Бапкерлер кеңесі құрлық сынына қатысатын Қазақстан спортшыларының есімін атады
Ерлер арасында Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренко және Дмитрий Яковлев пен Сергей Богатужұбы бақ сынайды.
Қыздар арасында Татьяна Машкова мен Ирина Цимбаловаға сенім артамыз.
Әйелдер командасының бас бапкері Владимир Кушталовтың айтуынша, Цимбалова мен Машкова жұбы австралиялық кеңесшінің нұсқауымен дайындалуда.
"Біздің алдымыздағы ең негізгі міндет – Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсету. Біріншілікке дайындық кезеңін Алматыда өткіздік. Өкінішке қарай, Қытайға баратын виза мәселесін шешу үшін шетелдегі жаттығу жиындарынан тыс қалдық. Елдегі ауа райы жаттығуға аздап кедергі келтіруде. Бүгінде команда мүшелері Австралиядан келген кеңесші бапкер Анна Седербергтің нұсқауымен дайындалып жатыр. Құрлық додасындағы біздің қыздардың басты қарсыласы – Қытай, Жапония, Австралия және Тайланд командалары. Биылғы маусым басталысымен айтарлықтай жарысқа қатысып үлгермедік. Жаттығу жиыны да көп өткен жоқ. Сондықтан, әрбір қарсылас біз үшін қауіпті саналады", – дейді команда бас бапкері Владимир Кушталов.