Риддер қаласының тұрғыны Мәңгілік алау маңында тәртіп бұзғаны үшін жазаға тартылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полиция мәліметінше, риддерлік тұрғын Даңқ монументін қорлаған. Ол Мәңгілік алауға ет дайындап, мемориал аумағында қоқыс қалдырған.
Осыдан кейін полицейлер оның тұлғасын анықтау үшін полицейлер жақын маңды тексеріп, бейнебақылау жазбаларын қарап, куәгерлерден жауап алған. Нәтижесінде 31 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
"Тәртіп бұзушы "Ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау" бабы бойынша жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полиция азаматтарға заңды бұзбауға кеңес беріп, тарихи ескерткіштер мен ерекше қоғамдық маңызы бар нысандарды қорлағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.
Айта кетейік, 2025 жылғы 4 желтоқсанда Риддер қаласында Даңқ ескерткіші маңындағы Мәңгілік алауда біреу тауық пісіріп кеткен. Таңертең ерте мұны жергілікті тұрғын байқап, суретке түсіріп әлеуметтік желіге таратты.