"Қызметтік автокөлікпен қызмет көрсету туралы" лот биылғы жылдың қаңтар айында ҚР Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған. Сипаттамада мемлекеттік қызметшілер үшін машиналарды жалға алуға бюджеттен 240 625 000 теңге қарастырылған.
Осы қаржыға "Маңғыстау облысы әкімдігінің Іс басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігінің басшы құрамы үшін 55 автокөлік пен сонша жүргізушіні жалға алуды жоспарлап отыр.
"Тапсырыс орындаушы шенеуніктерді 2024 жылғы наурыздан желтоқсанға дейін Маңғыстау облысы бойынша кез келген уақытта тасымалдауға міндеттеледі. Сонымен қатар, тұрақты жұмыс істейтін 55 автокөліктен басқа, әлеуетті жеңімпаз сынған немесе форс-мажор болған жағдайда 8 резервтік машинаны ұсынуы керек" деп жазылған порталда.
Автокөліктерге қойылатын талаптар да мұқият жазылған. Қозғалтқыштардың көлемінен бастап дискілердің өлшеміне дейін бар. Тапсырыс беруші өңірдегі басшы құрамды "шағын кроссовер" үлгісіндегі 26 және "седан" үлгісіндегі 29 шанақпен жұмысқа жеткізуді жоспарлап отыр.
Ашық конкурс шеңберінде өтінімдерді қабылдау осы жылдың 31 қаңтарында аяқталады.