Маңғыстау экологтары Қаракөлге қалдықтар құйылды деп дабыл қақты

655

Маңғыстау облысының Экология департаментіне Қаракөл көліне қара сұйықтық пен қалдықтардың төгіліп жатқаны туралы арыз келіп түскен.

Маңғыстау экологтары Қаракөлге қалдықтар құйылды деп дабыл қақты

Департаменттің зертхана мен инспекция қызметкерлері "Ecojer" АЭЖ және орман шаруашылығы өкілдерімен бірлесіп аталған аумаққа жедел түрде жетті.

"Тексеру барысында аумақта Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша "Батыс-инженеринг-групп" ЖШС тарапынан кәріздік сорғы станцияларын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны анықталды. Құрылыс барысында серіктестік тарапынан қазылған жерден шыққан су жер қыртысының бетіне көтеріліп, Қаракөлге ағады. Жер учаскесі жергілікті атқарушы органның мемлекеттік меншігіне кіреді. Құрылыс мақсаты- кәріз жүйелерін, дәлірек айтқанда, барлық демалыс базаларының құбырларын орталықтандыру. Аталған жұмыстар "Sembol Aktau" ЖШС-не тиесілі уақытша вахталық қалашық аумағында жүргізілуде", – дейді облыстық экология департаментінің өкілдері.

Серіктестік қызметкерлерінің айтуынша, жер асты суының ағуы бетон жабынының қатаюына жол бермейді, осыған байланысты су айдау жұмыстары жүргізілуде екен.

Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес, жер асты сулары Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде көзделген ағынды сулар немесе сарқынды сулар болып табылмайды. Экология департаменті тарапынан зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су сынамалары алынды. Құрылысқа қатысты талдау және ақпарат жинау жалғасуда. Құзырлы орындар сараптама нәтижелер бойынша алдағы уақытта хабарламақ.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу