Маңғыстау кәсіпкерлеріне 20 млн теңге көлемінде шағын несие беріледі

687

Несие "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылмақ.  

Маңғыстау кәсіпкерлеріне 20 млн теңге көлемінде шағын несие беріледі

Маңғыстау облысында кәсіпкерлерге бизнесін ашуға немесе ұлғайтуға 20 млн теңгеге дейін микронесие берілмек. Ол шағын және орта бизнес кәсіпкерліктері үшін "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылады. 

"Шағын несие көлемі инвестициялық мақсаттар үшін 3 жылға 20 млн теңге, айналым қаражатын алу үшін 2 жылға 5 млн теңге құрайды. "Даму" қорының тарапынан берілетін кепілдік – 85 пайыз, қалған 15 пайызы екінші деңгейлі банк арқылы өтеледі", – деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Мұқанбетжан Көбеген.

Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары беретін шағын несиелерге портфельдік субсидиялар мен кепілдіктер механизмі қолданылмақ. Бұл жөнінде түсіндіріп өткен "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорының басшысы Гүлжан Қалымбетованың айтуынша, кәсіпкер осы бағыт аясында 20 млн теңге болатын несиені қосымша кепілдіксіз, "Даму" қорының кепілдігімен ғана алу мүмкіндігіне ие болады. Банк немесе микроқаржы ұйымы несиені 17,5 пайыз үстемемен береді, кәсіпкер оның 6 пайызын төлейді де 11,5 пайызы "Даму" қоры арқылы субсидияланады. 

Субсидиялау және кепілдендіру бойынша шешімді қаржы ұйымдарының өздері қабылдамақ, бұл өз кезегінде өтінімдерді қарастыру уақытын қысқартады деп күтіліп отыр.

Айта кететін жай, бағдарламаға қатысуды қалаған кәсіпкердің несие тарихына жіті назар аударылады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу