Маңғыстауда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 84%-дан 97%-ға артты. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Демографиялық өсімнің жоғарылығына байланысты, ең маңыздысы үш ауысымдық оқытуды болдырмау. Осы бағытта жаңа оқу жылында жалпы сыйымдылығы 6300 орындық 9 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Тағы 2200 орындық 4 мектептің құрылысы 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде.
Оқушылар контингентінің жыл сайын 6 мыңға артуын есепке ала отырып, 2019 жылға тағы 14 мектеп құрылысы республикалық бюджеттен қаржылындыруға қосымша ұсынылмақ.
Облыс әкімі алда тұрған өзекті мәселенің бірі студенттерді жатақханамен қамту екенін де атап өтті. Жалпы қажеттілік 1600 орын, оның ішінде 550 орындық 2 жатақхана тәуелсіздік мерекесіне орай пайдалануға беріледі.