Маңғыстау облысы мен Гүлістан аймағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

1752

Маңғыстау облысы мен  Гүлістан аймағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

8 желтоқсанда маңғыстаулық бизнесмендер Иран Ислам Республикасы Гүлістан аймағының делегациясымен кездесті. Екіжақты кездесуге, сондай-ақ, Иран Ислам Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Бағдат Амреев, "Kaznexinvest" АҚ өкілі, Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасының мемлекеттік орган және бизнес өкілдері қатысты, деп хабарлады облыс әкімінің бапасөз қызметі.

Жиынды Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Гүлістан аймағының губернаторы Хасан Садеглу ашты.

"Облысымыз бен Иран Ислам Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың өзара тиімді әрі жемісті болып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Иранның бизнес-қоғамдастығы аймағымыздың экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. 2016 жылдың қаңтар-қазан айларындағы Иран мен Маңғыстау облысы арасындағы сауда айналым 5,1 млрд теңгені құрады, соның ішінде, экспорт көлемі – 1,36 млрд теңге, импорт – 3,74 млрд теңге. Өз кезегінде, Маңғыстау облысының әкімдігі ирандық бизнесмендердің инвестициялық жобаларымызды жүзеге асыруына қатысуын қолдайды. Қазақстан аумағы бойынша теңіз инфрақұрылымы тек Маңғыстау облысында ғана бар. Иран елімен арамыздағы сауда айналымды Ақтау теңіз порты және теміржол арқылы жалғастыра беретін боламыз, – деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Иран Ислам Республикасы Гүлістан аймағының делегациясы құрамында 20-дан астам компанияның өкілдері бар.

"Бүгінгі кездесу аймақтарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Гүлістан Иран еліндегі ең үлкен аймақтардың бірі, біз еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеміз. Дәрі-дәрмек, бидай өндіру бойынша көшбасшы өңір болып табыламыз. Маңғыстау облысының экономикалық дамуы ерекше. Бізді тауарларымызды Ресей мен Қытайға жіберуге мүмкіндік беретін Ақтау порты қызықтырады. Сондай-ақ, Ақтау және Баку порттарымен ынтымақтасатын жаңа порттың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде біздің теміржол, порт арқылы жүретін байланыстырамыз бар, ендігі кезекте жеке қарым-қатынастарымызды нығайтқымыз келеді. Жасалған меморандумдар қағаз жүзінде қалмай, арамыздағы достық қатынастарымызды бекітуге мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Гүлістан аймағының губернаторы Хасан Садеглу.

Екі жақты кездесу барысында Маңғыстау мен Гүлістан өңірлері арасында экономика, ғылым, білім, технология, мәдениет салаларын дамытуға көмектесу туралы меморандум жасақталды. Құжатқа Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Гүлістан аймағының губернаторы Хасан Садеглу қол қойды.

Сонымен қатар, Маңғыстау мен Гүлістанның дене шынықтыру және спорт басқармалары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу