Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Иранның әскери-теңіз күшінен құралған делегацияны бастап келген Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Иран елінің әскери-теңіз күштерінің Каспий флоты Маңғыстау облысына алғаш рет келіп отыр. Үш күннің ішінде екі елдің әскери қызметкерлері тәжірибе алмасып, әскери-теңіз күштері арасындағы ынтымақтастықты нығайтпақ.
"Біз бүгін тарихи оқиғаның куәгері болып тұрмыз. Иранның әскери-теңіз күштерінің кемесі алғаш рет Маңғыстау облысына келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран елімен екіжақты қарым-қатынасты бекітуге ерекше назар аударады. Ал Маңғыстау облысының осы саланы дамытуда атқаратын рөлі зор. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы мен Иран елі арасындағы 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы тауар айналымы 2,5 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт – 564 мың АҚШ доллары, ал импорт – 2 млн АҚШ доллары. Біз туризм, мұнай сервис, көлік логистикасы тәрізді салалардағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, кеңейте береміз", – дейді Ералы Тоғжанов.
"Иран елінің әскери-теңіз кемесінің Маңғыстау портына келуі екі ел арасындағы ерекше сенімді көрсетеді. Біз Иранның аймақтары мен Маңғыстау облысын одан әрі дамыту үшін ынтымақтастығымыздың барлық әлеуетін пайдалануға дайынбыз. Экономикалық және мәдени салалардағы байланысымыз орнатылған, енді Каспий теңізіндегі әскери қауіпсіздігімізді дамытамыз", – дейді Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу.