Маңғыстау облысында 1300-ден аса әйел зорлық-зомбылықтан зардап шеккен

396

Облыс бойынша 2000 отбасы тұрмыстық саладағы құқық бұзушылар есебінде тұр.

Маңғыстау облысында 1300-ден аса әйел зорлық-зомбылықтан зардап шеккен Фото: agbz.ru

26 желтоқсанда облыс прокурорының төрағалығымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отырысқа облыс әкімі, мәслихат төрағасы, үйлестіру кеңесінің мүшелері, бала және адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің өкілдері, сондай-ақ уәкілетті органдардың басшылары қатысты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың және жасөспірімдер қылмысының өсу факторлары талқыланды.

Облыс аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі 11 айдың қорытындысы бойынша 31% құрады.

Облыс прокуроры Руфат Құттықовтың айтуынша, аймақта 1351 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, орташа есеппен полицияға жәбірленушілерден немесе куәгерлерден 300 өтініш түскен.

Мұндай жағымсыз сандар қоғамның мұқият назарының эпицентріне айналуы тиіс, ал мемлекеттік органдар оларға жол бермеу жөнінде тиімді шаралар қабылдауға міндетті.

Бұған дейін мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жәбірленуші тараптың шағымынан кейін ғана жүзеге асырылды, енді заңнамалық өзгерістерден кейін тексеру куәгерлердің сигналдары бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін.

Сондықтан, әрбір азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы құқық қорғау органдарына уақытында хабарласа, біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін – деді облыс прокуроры.

Облыс бойынша 2000 отбасы тұрмыстық саладағы құқық бұзушылар есебінде тұр, полиция олармен әрдайым профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

"Өкінішке қарай, мұндай отбасыларда балалар да зардап шегеді, әкесінің үш баласын өлтіру фактісі жасырын емес.

Бұрыңғы жұбайына деген қызғанышы себеп болып, осылайша кек алмақ болған.

12 бала өз-өзіне қол жұмсады, бұл мемлекеттік органдардың барлық жұмысын жоққа шығарады.

Қазіргі уақытта прокуратура органдары білім беру мекемелеріне тұрақты түрде барып, балалармен әңгімелесу кезінде есірткінің, құқық бұзушылықтың зияндылығы, сондай-ақ өмір құндылықтары туралы әңгімелейді.

Балалар тарапынан жағымсыз белгілер анықталған кезде моральдық-психологиялық көмек көрсетіледі. Бұл жұмыс жалғасады.

Біз қабылдаған шаралар азаматтарымыздың өмірін сақтап қалуға ықпал етеді деп үміттенеміз – деп түйіндеді Руфат Құттықов.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру құқықтық тәрбиемен байланысты.

"Бұл міндет бүкіл педагогикалық қоғамдастыққа жүктелген. Біз денсаулық сақтау құрылымдарымен ынтымақтастықты жандандырып, суицидолог-мамандар мен мамандандырылған психологтардың санын көбейтуіміз керек - деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Үйлестіру кеңесінің нәтижелері бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар әзірленді және нақты тапсырмалар берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу