Маңғыстау облысында 2030 жылға қарай жылына 100 мың тонна балық өсіріледі

946

Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өңірдің балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысында 2030 жылға қарай жылына 100 мың тонна балық өсіріледі

Кездесуге балық шаруашылығын дамыту жөніндегі уәкілетті органның, Маңғыстау облысы әкімдігінің, "Атамекен" ҰКП - ның, "BD - Балық шаруашылығы қауымдастығы" ЗТБ-ның, балық шаруашылығы субъектілерінің және облыста балық өсіру жөніндегі жобаларды іске асыруға дайын инвесторлардың өкілдері қатысты.

Қатысушыларға балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылды, онда 2030 жылға қарай өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін, оның ішінде Маңғыстау облысында жылына 100 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген.

Жалпы, өңірде жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың қуатын кеңейту, тұқы, бекіре, албырт балық түрлерін өсіру бойынша сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар 20 тор, 1 тоған, бір шаруашылық құру жоспарланып отыр.

Кездесу барысында балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н.Т. Жүнісов қатысушыларды балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде балық өсірумен айналысатын субъектілер үшін жасалған жағдайларды субсидиялау және заңнаманы жетілдіру шаралары туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, іс-шара барысында балық шаруашылығы субъектілері мен инвесторлар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М. Мырзағалиев тұйықталған сумен қамтамасыз ету қондырғысын пайдаланатын, "Kazakh osseter" ЖШС балық өсіру шаруашылығының жұмысымен, сондай-ақ бекіре және лосось балық түрлерін өсіру жобаларымен танысты.

Атап айтқанда, 2030 жылға қарай өнімділігі жылына 30 мың тонна, шамамен 27 млрд.теңге инвестиция құйылатын "Інжу-Маржан шығанағында балықтың лосось түрлерін өсіру бойынша Шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру" жобасымен танысты. Оның бастамашысы - "Технологиялық холдинг институты" ЖШС.

Сондай-ақ, "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімділігі жылына 400 тонна тауарлы балық және 50 тонна уылдырық өндіретін бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру бойынша зауыт салу" жобасымен танысты. Бұл жобаның бастамашысы - "Beluga Queen" ЖШС.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу