Маңғыстау облысында 345 жүк көлігі заң бұзды

592

Маңғыстау облысындағы жолдарда шекті шамадан асыра құрылыс материалын тасымалдау деректері азаяр емес. 

Маңғыстау облысында 345 жүк көлігі заң бұзды      Фото: Маңғыстау облысы ПД

Мұндай заңсыздықпен күрес шараларын автомобиль жолының жай-күйін тексеретін уәкілетті мекеме мамандары өңірлік көліктік бақылау инспекциясымен бірлесе жүргізіп келеді. 2023 жылдың өткен 5 айының қорытындысында облыс аумағындағы жолдарда бірлескен бақылау шарасы жүріп, 345 жүк көлігі тоқтатылды. 

Таразыда тексеру кезінде көліктің жүк салғыш қорабындағы құрылыс материалының салмағы шекті шамадан артық екені анықталып, көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттама толтырылған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қызметкерлерінің сөзінше, жыл басынан бері аймақта 279 дерек тіркелген көрінеді. Жолда жүру ережесін бұзған азаматтардан 15 млн 594 мың теңге айыппұл мемлекет пайдасына өндіріліп алынды. Бірнеше жүк көлігі айыптұраққа жабылды. 

"Әдетте жүк көлігінің өзіндік салмағы 10-11 тонна болады. Машинада 3 білік (ось) бар десек, заң бойынша бір білікке түсетін салмақ 8 тонна болуы керек. Сонда бір көлік шамамен 25 тоннаға дейін жүк тией алады деген сөз. Одан 5 тоннаға дейін асып кетсе 40, ал 5-10 тонна аралығында артық екені анықталса 80 АЕК, 10 тоннаға жетсе 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ереже бұзу деректері негізінен "Ақтау-Жетібай-Шетпе" бағытындағы жолда тіркеледі. Мұндай заңсыздыққа тосқауыл қою алдағы уақытта да жалғаса береді", - деп атап өтті саланың баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу