Маңғыстау облысының прокуроры Айдос Майлыбаев есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі туралы Алқа отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Отырыс барысында облыс әкімі орынбасарының, құқық қорғау және арнайы органдары басшыларының есептері тыңдалып, өңірдегі есірткі бизнесінің алдын алу мен оған қарсы күрестің жаңа тәсілдері айтылды. Сондай-ақ, жиында нашақорлардың есебін жүргізу, "дәріхана нашақорлығының" дамуына жол бермеу, кәмелетке толмағандарды есірткі бизнесіне тарту және прекурсорлардың бақылаусыз импорты мәселелері талқыланды.
Жыл басынан бері 354 есірткінің заңсыз айналымына қатысты жалпы сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелген.
Прокурорлардың бастамасымен 11 сайт пен сілтемелер бұғатталып, 527 көшедегі есірткі жарнамасы бар граффитилер кетірілді және марихуана өсіретін фито зертханалары жойылды.
"Құқық қорғау және арнайы органдар қызметінің тиімділігінің негізгі көрсеткіштері – есірткі зертханаларын анықтау және арналарының жолын кесу. Сондай-ақ, нашақор азаматтар санының азаюы", – деді Маңғыстау облысының прокуроры Айдос Майлыбаев.
Отырыс қорытындысы бойынша келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, облыстың уәкілетті органдарына нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымының алдын алу және оған қарсы күрес бойынша қабылданған шараларды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.