Маңғыстау облысында 661 шақырым жол ақылы болмақ

1318

Жаңа жүйе автожолдар сапасын арттырады деген болжам бар. 

Маңғыстау облысында 661 шақырым жол ақылы болмақ

Биыл Маңғыстау облысында жалпы ұзындығы 661 шақырым автомобиль жолдары ақылы болады. Олар республикалық маңыздағы "Атырау–Доссор–Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан Республикасы шекарасы" және "Бейнеу–Ақтау" автожолы, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Белгілі болғандай, "Атырау–Доссор–Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан Республикасы шекарасы" автожолының Маңғыстау облысы бойынша ұзындығы – 207 шақырым. Оның ішінде "Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан Республикасының шекарасы" автомобиль жолына қайта жаңарту жұмыстары жасалып, өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген. 

"Қазіргі уақытта "Атырау–Доссор–Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан Республикасы шекарасы" учаскесінде 3 бақылау аркасы орнатылған, клиенттермен жұмыс істейтін бір орталығы бар. Олар ақылы түрде Боранқұл, Есет, Сарға, Бейнеу, Сыңғырлау, Ақжігіт, Тәжен, Төлеп, Сайөтес, Боздақ, Жармыш, Шетпе, Бекі, Жетібай, Мұнайшы елді мекендері арқылы өтеді. Қазіргі таңда Бейнеу–Ақтау учаскесінде 6 бақылау аркасы орнатылған және клиенттермен жұмыс жасаудың бір орталығы қарастырылған", – деді "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ МОФ директоры Айбек Әнуарбеков.

"Нұрлы жол 2020–2025" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, алдағы 4 жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге ауыспақ. Ақылы жолдардың артықшылығы ретінде оларды қауіпсіздіктің артатыны, күтіп ұсталатыны, автоматтандырылатыны, жол–көлік оқиғалары азаятыны, сервисі жақсаратыны және бюджетке көп түсім әкелетіні айтылып отыр. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу