Маңғыстау облысында аштық жариялаған жұмыссыздарға қатысты әкімдік түсініктеме берді

561

Маңғыстау облысы, Жетібай ауылында 4 күн бұрын басталған наразылық шарасы әлі жалғасып жатыр.   

Маңғыстау облысында аштық жариялаған жұмыссыздарға қатысты әкімдік түсініктеме берді Фото: inbusiness.kz

Осыған байланысты Қарақия ауданының әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

29 наурыздан бастап "Е-otinish" порталы арқылы аштық жариялау түріндегі наразылық акциясына барлығы 13 өтініш түскен.

"Қазіргі уақытта өтініштер уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралып жатыр. Аштық жариялау арқылы акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді", - дейді мамандар.

Өз кезегінде Қарақия ауданының әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары, аудан прокуратурасы және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, наразылық білдірген жұмыссыздарға түсіндіру жұмысын жалғастырып жатыр.

Олар барлық жұмыссыздың бірден мұнай саласында жұмыс істеуі мүмкін еместігіне, жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартатынына назар аудартқысы келеді.

""Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-нан бос жұмыс орындарын бөлуде жұмыссыздар тарапы "70-те 30", яғни Жетібай кентінің тұрғындары 70 пайызына, ал қалған 30 пайызы Қарақия ауданының басқа ауылдарындағы және облыстың басқа аудандарындағы жұмыссыздарға беру талабы қойылған. Қойылған талапты басқа ауыл, аудан тұрғындарына негізсіз деп санаймыз. Бұл ретте Қарақия ауданының Құрық ауылы мен Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындары бос жұмыс орындарын бөлуде әділеттілікті талап етіп отыр. Қазіргі уақытта наразылық білдірушілер мемлекеттік органдардың түсіндіріп жатқан айқын және объективті фактілерін қабылдаудан бас тартты. Жиналғандар "мұнай саласында жұмыс істеймін" дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген шындықты қабылдауы қажет. Барлық мәселе конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуі тиіс" - делінген аудан әкімдігі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, Қарақия ауданының әкімдігі наразылық білдірушілерге заңсыз әрекет жасаған жағдайда заңда белгіленген жауапкершілік бар екенін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу