Маңғыстау облысында ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

1737

Биыл Мұнайлы ауданында 320 миллион теңгеге су таситын 20 көлік сатып алынады.

Маңғыстау облысында ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов елдімекендерді сумен қамтамасыз ету бойынша берілген тапсырманың қалай орындалып жатқанын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл сайын жазда Мұнайлы ауданында су тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін "Каспий" су тұщыту зауытының қуатын арттыру жобасы қолға алынған.

Жазға дейін тәулігіне 5 мың текше метр су тұщытатын қондырғыларды іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. 

Облыс әкімі жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алып, оны тездетуді тапсырды. 

"Тиісті қаражатты алдыңыздар. Жазда су тапшылығы сезілмеуі керек. Жұмысты тездетіңіздер", - деді Серікбай Тұрымов. 

Сонымен қатар өңір басшысы Баянды ауылында салынып жатқан су құю станциясының жұмысымен танысты. 

"Су өндіретін мембраналық қондырғыны орнату 2021 жылдың ақпанында басталған. Жұмыс сәуірде аяқталуы керек. Мұнда су "Құйылыс" жерасты су кен орнынан алынады. 

Тәулігіне 300 м3 суды өңдеуге қауқарлы қондырғы іске қосылған кезде Баянды, Дәулет, Маңғыстау-5 ауылдары ауыз сумен толық қамтылады. Облыс әкімі жобаны кешіктірмей іске қосуды тапсырды", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Мұнайлы ауданының тұрғындарын уақытылы сумен қамтамасыз үшін су таситын 20 көлік сатып алынатын болды. Оған жергілікті бюджеттен 320 миллион теңге бөлінеді.

Серікбай Тұрымов бастаған жұмыс тобы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында орналасқан "8 құдық" су тарату ғимараты мен Шапағатов су айдау бекетінің жұмыстарымен танысты. 

"Бүгінде Шапағатов ауылында 2 су жинау резервуары жұмыс істеп тұр. 

Ауыл тұрғындарын сумен толық қамту мақсатында қосымша 2 су қазандығы орнатылды. Шапағатов су айдау бекеті іске қосылғанда "Ақтау-С.Шапағатов" магистралды су құбыры арқылы 2 600-ден аса тұрғын үйге орталықтандырылған құбыр арқылы су жеткізіледі.

Өңір басшысы бұл нысандарды жазға дейін пайдалануға беруді тапсырды", - деп жазылды хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу