Маңғыстауда балықтан уланып, жансақтау бөліміне жатқызылған 9 жастағы бала қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Баланы ауруханаға жатқызған әкесінің жағдайы тұрақталды. Отбасының тағы екі ересек мүшесі облыстық көпбейінді ауруханада ем қабылдап жатыр. Әзірге медициналық мекеме жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, 17 қыркүйекте Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бір отбасында төрт адам балық жеген. Келесі күні кешке олардың бойында ботулизмге тән белгілер пайда болған.
19 қыркүйекте олар медициналық көмек алу үшін Мұнайлы аудандық ауруханасына жүгінген. Кейін облыстық ауруханаға ауыстырылған. Ал медициналық көмекке кейінірек жүгінген 5 жастағы бала емделіп, үйіне шығарылған. Кейін балықтан уланып, Ақтауда ауруханаға жатқызылған 9 жастағы баланың туыстары да медициналық көмекке жүгінген.