Маңғыстау облысында екі ауылдың атауы өзгермек

548

Өңірдегі Приморский және Приозерный ауылдарының атауы өзгереді. Бұл туралы Өмірзақ ауылдық округінің әкімі Жетібай Құбашев тоқсандық есеп беруінде тұрғындарға мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Маңғыстау облысында екі ауылдың атауы өзгермек Фото: mangystaumedia.kz

Жетібай Құбашевтің сөзінше, Приморский елді мекенін "Ақжелкен", Приозерный ауылын "Оймашы" деп өзгерту туралы шешім қабылданған. Сонымен бірге, Приморский тұрғын алабы көшелерінің атауларын өзгерту, Рауан ауылының нөмірленген көшелеріне атаулар беру де қарастырылып отыр.

2019 жылдың ақпан айында өткізілген отырыста жаңа атаулар ардагерлер кеңесінің, мәслихат депутаттарының, Өмірзақ ауылының жергілікті қауымдастық мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып, Өмірзақ ауылы жергілікті қауымдастығының талқысына ұсынылды. Сондай-­ақ қауымдастық жиыны өтетіні жөнінде Ақтау қалалық әкімдігінің ресми сайтында (Aktau.gov) жарияланды.

Жиналысқа 88 адам қатысып, өз пікірлерін білдіріп, елді мекеннің жаңа атауларға қатысты бұл ұсынысқа басым бөлігі қолдау білдірді.

Сонымен қатар елді мекен атаулары мен көшелерін ауыстыру бойынша тұрғындардан ешқандай шығын шықпайды. Себебі қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тұрғындардың жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарын бүгінгі таңда ауыстыру міндеттелмейді және ешқандай мемлекеттік органдар тарапынан талап етілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу