Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына келді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бірінші қадам басқан нысаны 2010 жылы іске қосылған Бейнеу астық терминалы болды. 16 га жерде астықты өңдеу және комбикорм өндіру цехтары, элеватор орналастырылған.
Терминал жылына 2 млн тонна жүк айналдырады. Бүгінде бұл жерде Бейнеу ауданының 146 тұрғыны жұмыс істейді. Дайын өнім Маңғыстау және Атырау облыстарына жеткізіледі, сондай-ақ, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Иран елдеріне экспортталады.
Содан соң аймақ басшысы Бейнеу селосындағы су тазарту қондырғысының жұмысымен танысты.
Бұл нысан 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосылған болатын. "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасына енген жобаның құны 2 млрд теңгеден асады. 45 мың текше метр суға 5 резервуар, тәулігіне 12035 текше метр Еділ суын тазартатын су құятын станция салынды. Стансаға құрал-жабдықтың 65 пайызы Қазақстанда, ал қалғаны Германия мен Оңтүстік Кореяда сатып алынды.
"Бүгінде тазартылған ауыз су су құбырымен Бейнеу селосының 9442 тұрғын үйіне беріледі. Бұл – халықтың 82 пайызы. Су басқа елдімекендерге және екі массивке су таситын көлікпен тасымалданады. Станцияда кезекпен Бейнеу ауданының 15 тұрғыны жұмыс істейді. Оның барлығы да оқудан өткен", – дейді су тазарту станциясының директоры Қашқынбай Тарғынов.
Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірхановқа ауданның барлық тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырын тартуға және жылыжай салуға жоба дайындауды тапсырды.