Маңғыстау облысында халықты қанаған қаржы пирамидасы анықталды

212

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті "Sax Invest" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Маңғыстау облысында халықты қанаған қаржы пирамидасы анықталды Фото: Сарыарқа самалы

Бұған дейін хабарланғандай, компания өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздар, қаржы құралдары мен басқа да активтердің иесі, сондай-ақ Африкада алмаз өндіру бойынша жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған.

Нәтижесінде, ұйымдастырушылар мыңнан астам салымшыдан заңсыз түрде 9 млрд теңгеден астам қаражат тартқан.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, тергеу барысында бұл қаражаттың көп бөлігі компания шотына емес, пирамиданың ұйымдастырушысы Мендығалиевтің жеке шотына аударылғаны анықталды.

Кейін бұл қаражат оның тарапынан жеке мақсаттарға: оның ішінде казиноға 2 млрд теңге, "Блайсико" атты бақылауындағы компанияның үлесін сатып алуға 28 млн теңге, Атырау қаласындағы 2 пәтерге 70 млн теңге, жеке үй құрылысына 120 млн теңге, шетелде демалуға 377 млн теңге, қызының Лондонда оқуына 53 млн теңге жұмсалған.

Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында 2023 жылдың басында Мендығалиев 143 салымшымен жалпы 1,2 млрд теңгеден астам залалды өтеуге қатысты медиативтік келісімдер жасаған.

Сондай-ақ, ол 2023 жылдың соңына дейін 7 млрд теңге сомасында 1000-нан астам салымшыға қаражатты қайтарамын деген кепілдік міндеттемелерін берген. Алайда бұл уәдесіне қарамастан, салымшыларға ақшаларын қайтармаған. 2024 жылдың қарашасында Мендығалиевке халықаралық іздеу жарияланды.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі жалпы құны 600 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде: 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік, 10 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер, сондай-ақ "ForteBank" пен "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ның бағалы қағаздары бар.

Күдікті ретінде Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам танылды.

Олардың 7-еуіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу