Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook парақшасындағы тікелей эфирде өңірлік департаменттің директоры Руслан Төкенов айттты.
"Экология департаментіне соңғы үлгідегі дрон сатып алынып жатыр. Ол 12 түрлі ластаушы көздерді онлайн режимде анықтай алады. Жеті шақырым радиуста, үш жарым шақырым биіктікке ұшыруға болады. Видео, фотофиксациясы бар. Қазір аталған құрылғы сату-сатып алу процесінен өтіп жатыр. Келер жылдан бастап қолданысқа енгіземіз. Дрондарды көбіне өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында, зауыттардың, кен орындарының төңірегінде пайдаланамыз. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда дрон қолданылмайды. Сондықтан шу мәселесі болмауы тиіс", - деп атап өтті Руслан Төкенов.
Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысы бойынша кәсіпорындарға қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 2,8 млрд теңге айыппұл салынып, оның 90% -ы өндірілген. Тікелей эфирдегі сұхбатта Руслан Төкенов өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша бекітілген Жол картасына кеңінен тоқталды.
"Жол картасы жеті тараудан, отыз алты бөлімнен тұрады. Шығарындыларды азайту, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, тарихи ластану орындарын реттеу, биоалуантүрлілікті қорғау және тағы да басқа экологиялық мәселелердің бәрі осы құжатқа енгізілген. Министрдің тапсырмасы бойынша, біз тоқсан сайын жергілікті халықпен кездесіп, атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп отырамыз. Онда шешілген мәселелерді, шешімін таппаған дүниелерді баяндап, себебін де түсіндіреміз", - деді департамент басшысы.
Жақында Қазақстанның Қызыл кітабының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілген Каспий итбалығының ахуалы да сұхбатқа арқау болды.
"Каспий жағалауынан кейде өлі итбалықтардың табылып жататыны жасырын емес. Көп жағдайда бұған итбалықтың браконьерлік ауға оратылып қалуы себеп болады. Биыл әкімдіктің қатысуымен теңіздегі біраз жер заңсыз аудан тазартылды. Егер бұл жұмыс жалғасса, оң нәтиже болатыны сөзсіз. Ал итбалықтардың Қызыл кітапқа енуі бізге жаңадан ерекше қорғалатын аймақтар құруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Р.Төкенов.
Өңірдегі қоқыс проблемасы туралы айтылғанда соңғы уақытта жұртшылық талқысына түсіп жатқан Бозжыра шатқалының тазалығы да назардан тыс қалмады.
"Есеп бойынша биыл Бозжыраға 2000 адам барған. Оның әрқайсысында өздерімен бір бөтелке су болды десек, жартысы саналы түрде бос бөтелкесін алып кетеді. Қалған мыңынан қалдық су жерде қалады. Алдағы жылы шатқалға он мың турист келеді деп күтілуде. Яғни, біз қоқыс мәселесін қазірден реттеп, оны тастайтын орындарды дайындап, қонақ үй салатын инвесторға міндет жүктеуіміз қажет. Жалпы қонақ үй Бозжыра шатқалынан алыс орналасса, экологиялық талаптар орындалса, жоба дайын болғанда халыққа таныстырылса, сонымен қатар айналада киелі орындар болғандықтан түнгі мезгілде тыныштық режимі сақталса бұл жобаға жұртшылықтың бәрі бірдей қарсы емес", - дейді департамент басшысы.
Сұхбат кезінде 105 млн тонна радиациялық қалдық төгілген Қошқар ата қалдық қоймасы, Шетпе маңындағы карьерлер, экологиялық мәдениет, жаңа Экологиялық кодекстің жергілікті жердегі ахуалды жақсартуға тигізетін септігі және тағы да басқа қордаланған проблемалар сөз болды.
Министрліктің баспасөз қызметі салалық комитеттер мен департаменттер, ведомствалық мекемелер өкілдерімен маңызды мәселелер жөнінде тікелей эфирлерді дәстүрлі түрде күн сайын өткізіп отырады.