Маңғыстау облысында теңіз шекарасын бұзған әзербайжандықтарға үкім шықты

864

4 азамат енді 2 жыл 6 айын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару мекемелерінде өткізеді.

Маңғыстау облысында теңіз шекарасын бұзған әзербайжандықтарға үкім шықты

Маңғыстау облысының Қарақия аудандық сотында еліміздің теңіз шекарасын бұзып, браконьерлікпен айналысқан төрт Әзербайжан азаматының үстінен қозғалған қылмыстық істі қарастыру аяқталып, іс бойынша процессуалдық шешім шықты, деп хабарлайды ҚР ҰҚК шекара қызметі.

Еске сала кетсек, өткен жылдың 28 желтоқсанында "Сарбаз" шекарашылар кемесі Каспий теңізінде радиолокациялық құралдардың көмегімен "Байда" типтес жүзу құралын анықтаған болатын. Жеңіл қайық қашып құтыла алмады.

"Байданың" бортындағылар Әзербайжан азаматтары екендігі анықталды.

Қайықтан жалпы саны 40 бекіре тұқымдас балық, ЯМАХА-250 маркалы 3 дана қозғалтқыш, қосымша жанар-жағармай құйылған бөшкелер, "Турая" спутниктік терминалы, GPS Garmin спутниктік навигатор, эхолот табылды.

ҚР Қылмыс кодексінің 335 бабының 4 бөлігі және 392 бабының 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару мекемелерінде 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру; 500 есептік көрсеткіш (1 262 500 теңге) көлемінде айыппұл және Қазақстан Республикасының аумағынан күштеп шығарып, 5 жылға дейін кіруге тыйым салу жазалары тағайындалды. Бұған қосымша, сирек кездесетін бағалы балықтарды аулағандығы үшін мемлекетке келтірілген 190 928 140 теңге көлеміндегі шығынды бірлескен тәртіпте өтеу туралы шағым қанағаттандырылды. Қайықтан табылған заттар мемлекет пайдасына тәркіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу