Маңғыстау облысында электронды темекіні елге әкелгені үшін шетел азаматы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Маңғыстау облыстық Бейнеу ауданының соты шетел азаматын электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) елге әкелгені үшін Қылмыстық кодекстің 301-1-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп таныды. Оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, шекара бекетін тексеру барысында автокөліктің жүк салғышында 4 550 дана "WAKAsoPro20000" маркалы электрондық тұтыну жүйелері анықталған.
Заңды күшіне енген сот үкімі бойынша көрсетілген тауарлар жоюға жіберілді.
"Қылмыстық кодекстің 301-1 жаңа бабы темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін жауапкершілікті белгілейді. Құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қамауға алу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу не айыру жазалары қарастырылған", – делінген хабарламада.
Құзырлы орган электронды тұтыну жүйелерін сату және тарату қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.