Маңғыстау облысында жаңа елдімекен құрылады

1297

Жаңа ауыл Кендірлі курорттық аймағының маңында, яғни теңізден 2 шақырым қашықта, Жаңаөзен қаласынан 63 шақырым жерде орналасатын болмақ.  

Маңғыстау облысында жаңа елдімекен құрылады

Өңір басшысы Серікбай Трұмов "Кендірлі" деп аталатын ауылдың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Бүгінгі таңда ауылдың бас жоспарын дайындау жұмыстары жүргізілуде, деп жазады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы бұл бастаманы қолдап, жаңа ауыл құрудың маңыздылығын атап өтті.  С.Трұмов Жаңаөзен қаласы мен оған жақын орналасқан ауыл халқының едәуір артуына байланысты  бұл жобаның тиімді екенін жеткізді. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға ауылдың бас жоспарын әзірлеуде жергілікті жердің және жалпы өңірдің ерекшелігін ескере отырып, ең заманауи әдістерді қолдануды тапсырды. Бірінші кезекте инфрақұрылым құрылысына көңіл бөлінеді, содан кейін ғана жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу басталады. Сонымен қатар, алдағы уақытта Кендірлі курорттық аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт салынбақ. Су зауыты Жаңаөзен қаласы мен оған жақын маңдағы барлық ауылдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ететін болады.

Облыс әкімі жаңа ауылдың теңізге жақын орналасуы Кендірлінің туристік аймағын одан әрі белсенді дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, болашақта осы аумақта жаңа аудан құру мәселесі талқыланды. Ол шамамен 7-9 ауылды қамтуы мүмкін. Олардың арасында Рахат, теңге, Бостан, Сенек және басқалары бар. Кендірлі ауданы 616 мың гектар аумақта орналасатын болады. Бүгінгі таңда шекараны анықтау, сондай-ақ бас жоспарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу