Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдалану жөнінде 270-тен астам келісім жасалды

1804

Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдалану жөнінде 270-тен астам келісім жасалды

 

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың төрағалығымен аймақтағы пайдалы қазбаларды игеру және барлауды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Бұл туралы  облыс әкімдігінің ақпаратына сүйеніп strategy2050.kz хабарлайды.

Жиынға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану және геология Комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаментінің бас сарапшысы Мадина Қапенова,мемлекеттік органдардың басшылары мен жер қойнауын пайдаланушылар қатысты.

Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараты бойынша Маңғыстау облысының аумағында мырыш-молибден, темір, марганец, целестина-баритті рудалары, минералды тұз, фосфориттер, көмір, сирек кездесетін рудалардың кен орындары бар. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалану үшін 274 келісім жасалған.

"Маңғыстау облысы қатты пайдалы қазбалардың кен орындары қоры бойынша көшбасшы өңір болмағанымен, аймағымызда қатты пайдалы қазбалардың зерттелмеген кен орындары жеткілікті. Біздің мақсатымыз Маңғыстау өлкесіндегі қазбалардың қорын анықтау болып табылады. Осы бағытта "Каспий" ӘКК" ұлттық компаниясы стратегиялық әріптестер мен инвесторларды тарту бойынша тиісті жұмыстарды атқарып отыр", – деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Жиналыс барысында "Каспий" ӘКК" ҰҚ" АҚ төрағасы Ибрагим Тағашев "Айт-Көкше" марганец рудасы және "Ащысор", "Жаманайрақты", "Жаңаәулие" минералды тұзды кен орындарындағы тиісті әріптестермен жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары туралы ақпараттандырды. Қуаты жылына 3000 тонна болатын, катодты мыс шығаратын зауыттың құрылысы бойынша өзінің жобасын "Техногран-Ақтөбе" ЖШС құрылтайшысы Тілеуқабыл Абдулин таныстырды.

"Мұндай жоба аймақта бұрын-соңды болмады. Сондықтан бұл жобаның жүзеге асырылуын бақылауды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржановқа тапсырамын. Жоба бойынша мәселелерді жедел түрде шешу үшін жұмыс тобын құру қажет", – деді Алик Айдарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу