Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Маңғыстау облыстық прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру жұмыстарының барысында, жекелеген жер қойнауын пайдаланушылардың (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге құқығы бар) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар, қазақстандық қызметкерлерді оқыту; тарату қорын толықтыру, қол қою бонусын төлеу сияқты келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді орындамау фактілері анықталды.
Сонымен қатар, берешектің жалпы сомасы 400 млн. теңгеден асты.
Мәселен, жер қойнауын пайдаланушы "Д.А.Б." жүйелі түрде 4 жыл бойы (2019-2022 жж.) Маңғыстау облысының әлеуметтік–экономикалық дамуына жалпы сомасы 9 млн. теңгеге аударым жүргізбеген.
Осыған ұқсас фактілер іс жүзінде барлық жер қойнауын пайдаланушыларда анықталды.
Қазіргі таңда, қабылданған прокурорлық қадағалау шараларымен мемлекет кірісіне 50 млн теңгеден астам қаражат өндірілді. Сондай-ақ, 7 жер қойнауын пайдаланушының кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялары қайтарып алынды.
Айта кету керек, берешекті өндіріп алу жұмыстары, соның ішінде сот тәртібімен жалғасуда.