Аудан тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындағы сорғы қондырғысы істен шықты. Салдарынан жүздеген шаңырақ бір аптадан бері сусыз отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Күн санап күнкөрісі қиындаған көпшілік Президент атына арыз жазған. Халықтың шағымы мемлекет басшысына жетіп, бүгін облыс әкімінен есеп алынды.
Президентке жеткен арыздағы мәселе Басқұдық ауылында өзекті. Облыс орталығына іргелес орналасқанымен, тұрғындарға тіршілік нәрі жетпейді. Жерасты құбырдан ауызсудың келмегеніне бір аптадан асқан. Ал ақылы тасымалдау қалтаны қағады, уақыты да ұзақ...
Мұнайлы ауданындағы ауызсудың жоқтығы Дәулет ауылы тұрғындарының да тыныштығын бұзды. Мал мен өсімдікті айтпағанда, ішірге тамшы таппай отыр. Қазір көпшілік ауызсу таситын көліктерді күзетумен отыр.
"Каспий" зауыты Мұнайлы ауданын ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Ал соңғы кездегі жетіспеушілік жоғары қысымды сорғының істен шығуына байланысты. Қазір оны жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Жаңа сорғы қондырғысы алдағы жұма іске қосылады. Ал Президент тапсырмасына сай модернизация жұмыстары 80%-ға орындалған. Жыл соңына дейін кәсіпорын қуаты екі есеге дейін өседі - дейді мамандар. Айта кетейік, бүгінде "Каспий" зауыты алдында борышкерлердің 1 млрд теңгеге жуық қарызы бар. Оның 70% жуығы Мұнайлы ауданы тұрғындарының мойнында.