Маңғыстау облысындағы 171 мың халқы бар Мұнайлы ауданында ауыз су аса қат. Ауданның ауыз суға деген қажеттілігі, әсіресе, жаз мезгілінде қатты өсіп отыр. Ауданішілік су құбырларын бөлу және реттеу жұмыстарымен айналысатын "Маңғыстау жылу" кәсіпорны кесте бойынша елді мекендердің 74 пайызына орталықтандырылған құбыр арқылы, 26 пайызына арнаулы су тасу көліктері арқылы су жеткізіп отыр.
Сол себепті, Маңғыстау облысының тұрғын-үй комммуналдық шаруашылығы басқармасы тұрғындарға ауыз суды үнемді пайдалануды ұсынып отыр. "Жаз уақыты болғандықтан, бау-бақшаны, ағаштарды суаруға судың көп бөлігі кетіп отыр. Қыс мезгілінде адамның өзі пайдаланатын уақытта молынан жетіп, оншалықты қиыншылық туындаған жоқ болатын. Тұрғындарға айтарымыз, су арзан крандарды ашып тастап, қалай болса солай қарамай, екі-үш ай уақыт шыдап, түсіністікпен қарауға шақырамыз", - дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев. Оның бұлай деуіне себеп: ауданға ауыз суды жеткізу тарифі – 262,4 теңге құрайды. Оның ішінде тұрғындар 1 текше метр ауыз су үшін – 30 теңге төлейді, қалған айырмасы облыстық бюджет есебінен субсидияланады.
Айта кетейік, ауыз суға деген тапшылықты жою мақсатында "Каспий су тұщыту" зауытының қуаттылығын 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін жеткізу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны іске қосу мерзімі 2021 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Құралай Қуатова