Маңғыстау облысындағы "Жетібай-Жаңаөзен" жолы сын көтермейді

972

Трассаның кей жерлері толқынданып, қозғалысқа қауіп төндіріп тұр. 

Маңғыстау облысындағы "Жетібай-Жаңаөзен" жолы сын көтермейді

Маңғыстау облысындағы республикалық маңызды бар "Жетібай-Жаңаөзен" трассасының кепілдік мерзімі биыл аяқталмақ. Алайда оны тексеру барысында елеулі кемшіліктер анықталған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық-мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау филиалының қызметкерлері, "Қазақавтожол" және "Казахавтодор" мекемелері өкілдері мен "SNS 2017" ЖШС-нің инженерлік қызмет мамандарынан тұратын бірлескен комиссия "Жетібай-Жаңаөзен" бағытындағы жолды тексеріп, одан бірқатар кемшіліктер тапты. Атап айтқанда, республикалық маңыздағы трассасының 37-73 шақырымында жүргізілген рейдтік тексеру жолдың кейбір бөлігі отырғанын көрсеткен. Бұдан бөлек, трассаның біраз жері толқынданып кетіпті. Бұл өз кезегінде, жол қозғалысы кезінде кісі өміріне де қауіпті. 

"Аталған жолды "Дженгиз Иншат" мердігер мекемесі кезінде жөндеп, қолданысқа қосты. Ол компанияға 2019 жылы жүктелген кепілдік мерзімі биыл аяқталады. Осыдан соң бұл трасса "Қазақавтожол" ұлттық компаниясының қарауына өтеді. Заңмен бекітілген ереже бойынша оған дейін анықталған немесе өкілетті мекемелермен көрсетілген барлық ақаулықтар толық түзетілуі тиіс. Біз көрсетіп берген кемшіліктерді жоюға мердігер мекеме келісім берді. Қалпына келтіруді аяқтаған соң біздің жылжымалы зертханамызды сол жерге шақыртады. Сонда айтылған сыннан қандай нәтиже шыққанын көретін боламыз. Оған дейін мәселе біздің бақылауымызда ұсталады", – дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының" зертхана меңгерушісі Сәкен Мұхтаров. 

Жолдардың сапасын бақылаушылар 2021 жылы облыс көлемінде орналасқан 13 нысаннан тұратын республикалық маңыздағы автожолдарға 289 рет бақылау рейдін жүргізді. Жол құрылыс материалдарынан 613 сынама алынды. Соның жүзден астамы техникалық стандарттарға сәйкес келмей шығыпты. Бұдан бөлек 42 кемшілік анықталып, тиісті өкілетті органдар мен мердігер мекемелерге қызметтік хат жолданған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу